Шымкент дендросаябағы – қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Қалаға қонақ болып, ат басын бұрғандардың дені жасыл желек жамылған дендросаябаққа соқпай кетпейді. Мұнда бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстап қайтатындардың қатары көп.
Бүгінгі таңда Шымкент дендрологиялық саябағы Асанбай Асқаровтың есімімен аталады. Жаңа атау қала әкімінің бұйрығымен бекітілген. Алғаш рет дендросаябаққа қоғам және мемлекет қайраткерінің есімін беру туралы ұсыныс 2016 жылдың 22 желтоқсанында қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтылды. Содан кейін депутаттар бұл шешім үшін бірауыздан дауыс берді.
Тарих беттерін парақтасақ, Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Бұл аумақ сол жылдары қала маңындағы қоқыс тастайтын орын болған деседі. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген.
Шымкент дендросаябағы жер шарының түпкір-түпкірінен жинақталған ағаштарға бай. Көктерек, балқарағай, самырсын және магнолия ағаштарының көшеті егіліп, түрлі 584 өсімдік өсірілуде және де Солтүстік Американың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Мексика Штатынан әкелінген «қасқыр жидегі» ағашы өсуде. Дендрологиялық саябақтың аумағы фаунамен байытылды. 20 тиін, 4 елік пен теңбіл бұғы, 10 тауыс құсы орын салып, аумағы өңдеуден өткен көлге аққу, қаз, үйрек сияқты құстардың 22 данасы мен 20 мың дәумаңдай балық жіберілді.
Тамаша демалыс орнын көздің қарашығындай сақтау, оларды бүлдірмеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз.