Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк картасына төлем ала бастайды», делінген хабарламада.

Бұйрық күшіне енген кезде төлем 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі.
5 әлеуметтік топ:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады. Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк картасына аударылған төлемге ауыстырылды. Наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.