Коронавирус індетіне байланысты карантин енді аяқталар-ау деген тұста оның үдей түскенінен іш тартып қалдық. Соңғы күндері бұл вирусты жұқтырғандар Шымкент қаласында тіпті өршіп кетті. Бір тәулікте індетке іліккен 77 адам тіркелгені аздай, енді тағы бір күн ішінде 60 азаматтың осы дерттің құрығына түскені мәлім болды.

Неге, неліктен ауруды асқындырып барамыз деген сұраққа бас ауыртатындай жағдай болып тұр расында. Індет бәсеңсісе, қалыпты өмірге біртіндеп кірісетін күн де алыс болмас деген үмітке күдік ұялататын ахуалға жетуімізге өзге емес, өзіміз себепші секілдіміз. Адамдар жайбарақат күйге түсіп, сақтық шарасын ұстануды ұмытып бара жатқаны өтірік емес. Бетпердесіз, қаннен қаперсіз жүрген жандар көшеде де, дүкендер мен базарларда да жеткілікті. Аулада асыр салып ойнаған бала-шағаға әй дейтін әке, қой дейтін шеше жоқ. «Ойпырмай, балам ауруға тап болып қалмасын, сақтық шарасын жасайық» деп ойланбайтын ата-аналарға таң қалам. Мәселен біз тұратын Нұрсәт шағынауданындағы №137, 138, 139,140 үйлерге ортақ аулада шұғырлаған балада есеп жоқ. Ата-анасы ойланбағанда бала неме қайдан сақтыққа мән берсін! Бетперде түгілі бетпе бет тақасып жүрген балалар күнұзақ үйлеріне кірмейді. Бала түгілі ересектердің өзі беседкаға жайғасып алып, әңгіме-дүкенді ағызып отырғанын күнде байқаймын.

Осы маңдағы «Жаңалық» секілді азық-түлік дүкендеріне қайсыбір кездері адамдарды кезекпен, бірді-екіден кіргізіп, далада кезек күткендерге ара қашықтықты сақтайтын тәртіп орнатқан секілді еді. Оның да «ғұмыры» ұзаққа барған жоқ. Қайтадан баяғы жайылған жағдайға түстік. Тіпті маскамен кіруге мән беріп жатқан дүкенші де, тұтынушы да болмай қалды. Карантин тәртібі ішнара жеңілдетіліп, қоғамдық көліктердің жүруіне, кейбір жұмыс орындарының іске қосылуына мүмкіндік беріліп еді, адамдар жаппай көше қыдырыстауға көше салды. Бетпердені иегіне түсіріп алып, сақтықтың сәнін ғана жасағандарға қарап, сонда кімді алдап, кімнің пайдасы үшін солай жүр деп ойлап қоясың. Әлдебіреулеріне ескерту жасасаң, өзіңе шап етуден тайынбайды. Зиян нәрсе айтқандай көрінесің.
Қонақ шақырып, ауызашар беріп жатқандар да табылады. «Қойшы, өзіміздің адамдар ғой келетін» деп жайбарақат жауап беретіндерін қайтерсің. Сол «өзіміздің адамдар» деген таныстарының бұлардан басқа қаншама таныс, аралас, білістермен қарым- қатынаста болмағанына, олардың ішінде біреулерінің ауру жұқтырған адаммен байланыспағанына кім кепіл! Міне, індетті өршітіп отырған басты себеп те осы – салғырттық, тәртіпке бағынбау, ережені ескермеу, жауапсыздық.

Айналайын-ағайын -ау, қырықына шыдағанда қырық біріне шыдамай, сақтық шараларын сақтаудың орнына, жайыла жайбарақаттыққа көшкенімізден не пайда табамыз? Кімге жаман жасаймыз? Билік індеттен аман шығудың, тезірек одан құтылудың, адамдардың бұл тұйық күндерден қиналмай шығуының бар амалын жасап, жағдайын ойластырып жатқанда, бар болғаны бір-ақ нәрсені – сақтық шараларын қатаң сақтауды орындауға болады ғой. Ә-ә-й, айналайын, адамдар -ай, не айтуға болады, білмеймін…

Асхан Майлыбаева, Қазақстанның Құрметті журналисі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.