Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Исахов Мақсұт Пернебайұлы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дүйсебеков Береке Талғатұлы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болып, өндірістік нысандардың төтенше жағдайдағы жұмыс қарқынымен танысып қайтты. «ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағы — жалпы аумағы 200 га аймақта құны 29,9 млрд. теңгені құрайтын, 1 630 жұмыс орындарымен 16 жоба жүзеге асырылған аймақ. Оның ішінде 2020 жылдың ақпан айында «СП «Lux Shoes» ЖШС-ның аяқ киім табандарын шығару жобасы іске қосылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін «B.A.E.R.» ЖШС – Дәкеден таңу материалдар өндірісі жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда. Коронавирус салдары бірнеше кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтіруде. Осы ретте төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар жобасы әзірленіп, бекітілуде. Жобада кәсіпкерлер үшін қайта қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелер беріліп, жұмыс орындарын сақтау және құру, кадрларды даярлау, сервистік қызмет көрсету үшін «Бизнес үшін үкімет» орталығын құру сынды қолдау бағыттары бар.