Шымкент жылыжайлардың отанына айналады. Биылдың өзінде 6 гектарға жуық жылыжай кешені іске қосылып, қаладағы жабық кешендердің жалпы аумағы 200 гектарға жетті. Жыл соңына дейін тағы 15 гектар өнеркәсіптік жылыжай айналымға қосылады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Шаруалар мегаполис тұрғындарын жыл бойы көкөніспен қамтуды жоспарлап отыр. Былтыр Шымкенттегі жылыжайлардан 7200 тонна өнім жиналып, одан түскен қаржы көлемі 2,4 млрд теңгені құраса, биыл өнім көлемін 10 мың тоннадан асыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ осы салаға маманданған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қалада «Агроиндустриалды аймақ құрылды. Қазіргі таңда жылыжайларға 32,3 млн теңгеге дейін тыңайтқыштардың құнын арзандату бойынша субсидия беріліп, мемлекеттік қолдаулар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда Шымкенттегі агроиндустриалды аймақтағы 30 гектар жерге жылыжай кешені салынады.
Шымкентте жаңадан құрылған агроиндустриалды аймақта жалпы инвестиция құны 5,5 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, жаңадан 500-ден астам жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар құрылыс барысында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалық етуімен өткен жиында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлімдеді.
«Жол картаға сәйкес бірінші кезеңде агроиндустриалдық аймақта 30 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенін салушы инвесторларға жер үйлестіруге қажетті құжаттары жинақталды. Өз кезегінде, жеке инвесторлар жылыжай кешенін салу жобаларын 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырмақ. Ал екінші кезеңнің жобалары 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын болады», деді басқарма басшысы.
Осы ретте қала басшысы агроиндустриалды аймақты дамыту арқылы қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылық өнімдерінің импортталуын азайту қажет екенін айтты. «Агроиндустриалды аймақтарды құрудағы басты мақсат – қаламыздың инвестициялық мүмкіндігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласында инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Жобада ауыл шаруашылығы саласын дамытып, аграрлық секторды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру көзделіп отыр, сондықтан да тиісті ұйымдастыру жұмыстарына қарқын беру керек», деді М.Әйтенов.
Агроиндустриалды аймақтың негізгі артықшылықтары: инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды шаруаларға тегін жеткізу, кәсіпкерлерге субсидия алуға қолдау көрсету, өнімді тасымалдау мен сақтауды ұтымды ұйымдастыру.