Шымкентте соңғы екі тәулікте коронавирус инфекциясынан 16 науқас жазылып, ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқарманың мәліметінше, дертінен сауыққандардың басым бөлігі 50 жастан асқан азаматтар.

Қауіпті індетті жеңіп шыққандардың ішінде 80 жастағы әжей де бар. Дәрігерлер қарт кісіден коронавирус инфекциясын дер кезінде анықтаған. Нәтижесінде әжейді емдеу кезінде асқынулар болмады дейді дәрігерлер.

Сондай-ақ медицина мамандары 7 айлық жүктілік кезеңіндегі әйелден коронавирус инфекциясын анықтап, емдеу шараларын жүргізді. Екі аптаға жуық дәрігерлердің бақылауында болған аяғы ауыр әйелдің денсаулық жағдайы жақсарып, 7-маусым күні ауруханадан шығарылды.

Айта кетейік, бүгінге дейін қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасынан коронавирус инфекциясына шалдыққан 420 науқас дертінен айығып шықты.

Дегенмен қаупті індетті жұқтыру жайттары толастар емес. Осыған байланысты Шымкент қаласында карантин және шектеу шаралары 22 маусымға дейін ұзартылды. Шымкент қаласы әкімдігі қала тұрғындарына сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.