Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда қатаң карантин шараларын қабылдауға қатысты пікірін бөлісті.

«Аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал мен бизнеске ықпалды есепке ала отырып, біз бірнеше нұсқаны ұсындық: карантин енгізу немесе қатаң шектеу шараларын енгізу. Оның бәрі қазір қаралып жатыр. Түпкілікті шешімді мемлекеттік комиссия жақын арада қабылдайды», — деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, Үкімет 2 күннің ішінде осы жылдың наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуі тиіс. Бұл тапсырманы коронавирус індетінің таралуына қарсы кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген еді.

Сондай-ақ министр осы жылдың тамыз айының соңына дейін еліміздегі стационарларда қосымша 10 мың төсек-орын даярланатынын мәлім етті.

«Бұл вирустың бір ерекшелігі – пациенттер көбіне стационарлық ем-домға және тыныс алуды жасанды түрде қолдауға мұқтаж. Қазіргі таңда елдегі стационарлық төсек-орындардың толымдылығы — 60 пайыз. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш – 90 пайыз. COVID-19 пациенттерін емдеу үшін 348 медициналық ұйымда 26 мың төсек-орын әзірленді», — деді Алексей Цой.

Министрдің хабарлауынша, тамыз айының соңына дейін стационарларда 10 мың төсек-орын даярланады. Ол стационарлардың құрылымында жан сақтау бөлімшелері мен интенсивті терапия палаталары ашылып, өкпені жасанды желдету аппараттары қойылады. «Өкпені жасанды желдету аппараттарының жалпы саны – 3 294. Кейінгі айда 978 аппарат сатып алынды. Оған қосымша осы аппараттың 1 мыңын сатып алу көзделуде», — деді ол.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.