Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Елімізде саяхатты дамытудың алғышарты – туризм саласының үгітін күшейту. Әсіресе, ғаламторға саяхатты үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді көптеп салу қажет.

Шымкент қаласының туристік тартымдылығын насихаттау мақсатында туризм басқармасының шақыртуымен қалаға National Geographic және New York Times журналдарының танымал фотографы Джордж Штейнмец келді.

Джордж қаланың негізгі туристік нысандарының, атап айтқанда Ескі қалашықтағы «Цитадель» жобасы, Тәуелсіздік саябағы, Қошқар ата өзені, Бәйдібек би ескерткіші мен этноауыл, Арбат пен Абай саябағы секілді көрікті орындардың фототүсірілімін жүргізді.

Енді мегаполис тұрғындары танымал кәсіпқойдың объективі арқылы шаһардың сұлулығын «құстардың көзімен» тамашалай алады.

Фотосуретші Қазақстанның оңтүстігі туралы шығармаларын миллионнан астам жазылушысы бар Instagram парақшасында және өзінің жеке веб-сайтында жариялауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар суреттер National Geographic және The New Yorker сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарында шығады деп күтілуде.

Алдағы уақытта, пандемиядан кейінгі кезеңде Штейнмец түсірген суреттер Қазақстанның өзге өңірлерінде қала туралы фотокөрме өткізуге негіз болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.