Мақтаарал ауданына «Бал-Текстиль» кілем фабрикасынан 6 мың шаршы метрді құрайтын, яғни 404 дана кілем жөнелтілді.
Кәсіпорын басшысы, «Nur Otan» партиясы белсенді мүшесі Талғат Исхаховтың айтуынша, кілемдердің жалпы құны 5 млн теңге. Кілемдердің алғашқы легі Мақтаарал ауданы Атакент кентіндегі облыстық штаб қоймасына келіп жетті. Бұл кілемдер су басқан ауылдарда үйлерін бітіріп, қоныс тойларын тойлайтын Мақтаарал тұрғындарына тегін үлестірілетін болады.
«Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан 6 мыңға жуық тұрғын зардап шекті. Мыңға жуық отбасы баспанасынан айрылды. 8 мың гектарға жуық егістік жер мен мал-мүліктерін су шайып кетті. Осыны ескере отырып, біздің ұжым да Мырзашөл халқына көмек қолын созуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Біз жіберген кілемдер жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындарға тегін таратылатын болады», — дейді «Bal-Tekstil» кілем фабрикасының директоры Талғат Исқақов.
Қоймаға келіп түскен кілемдердің көркі көз тартады. Көлемдері де сан қилы. Үйге төселетін шағын әрі ірі кілемдер облыстық штабтың арнайы жиһаз, көрпе-төсек жиналатын қоймасына түсірілді