«САҚ» киностудиясының режиссер-сценарисі, аниматор Дәуренбеков Батырхан Қалдарбекұлы жуырда «Аманат» қоғамдық таңдау төсбелгісімен марапатталды. Жас ұрпақ тәрбиесінде өзіндік із қалдыруда еңбек етіп жүрген, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды қайта жаңғырту арқылы елжандылық рухын насихаттап жүрген Батырхан Дәуренбековті және «САҚ» киностудиясының ұжымын шын жүректен құттықтаймыз! Өзіңіз абыроймен басқарған «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұжымы Сіздің қуанышыңызға ортақтаса отырып, кәсіби жетістіктерге жете беруге тілектеспіз! Бұл жетістікті «САҚ» киностудиясы шығармашылық тобының ортақ жетістігі деп білеміз. Туындылардың сапасы жағынан да отандық өзге балалар киностудияларынан оқ бойы озық тұрған «САҚ» киностудиясы «Оңтүстікфильм» мекемесімен бірлесіп, 2017-2018 жылдары облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында атап көрсеткен басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында 1 деректі фильм, 2 телесериал (10 сериялы), 6 анимациялық фильмді көпшілік назарына ұсынды.  «САҚ» киностудиясымен «Оңтүстікфильм» мекемесінің мақсат-мүддесі бір, туған елдің киелі, тарихи жерлерін насихаттау мақсатында шығармашылық тығыз байланыс орнату арқылы сапалы туындыларды жарыққа шығару үшін бірлестікте түсірілім жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Оның бір дәлелі ретінде, аңыздар мен әпсаналарға толы Түркістан аймағының тарихы пен құпиясын ашатын, туристердің қызығушылығын оятуға бағытталған, көрерменге жуырда жол тартатын «Түркістан құпиялары» фильмін атап айтсақ болады.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.