Шымкент қаласындағы Елтай елді-мекенінде ТЖ департаментінің жеке құрамында 48 қызметкер, 3 техника және 1 мотопомпа жұмылдыпылып, қазірде су ағыны толығымен тоқтатылған. Сонымен қатар, авариялық қалпына келтіру жұмысы да қарқынды жүргізілуде.Бұл туралы Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Департамент мәліметінше, өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы су басқан ауылда аула-аумақтардан, көшелерден батпақ лай мен тастарды шығарып, арықтарды жиналған қоқыстардан тазартуда.
Елдімекенде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеп жатқанын атап өткеніміз жөн. Яғни, Департаменттің күш және құралдары күн сайын 10-12 үйдің ауласын тазартып, 4 жүк автокөлігімен жинақталған лай мен тастарды шығаруда. Нәтижесінде үш күнде 36 үйдің ауласы қалыпқа келтірілді.
Сонымен бірге Елтай ауылында жалпы ұзындығы 30 метр Найзатас, Нұрқазық көшелерін лай мен тастардан тазарып, бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдары тарапынан 17 адам мен 7 техника жұмылдырылды.