Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өнімдерін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқан ірі агроөнеркәсіптік кешен мен құс фабрикасының жұмысымен танысты.

Ауыл шаруашылығы бағытындағы нысандарды аралау барысында қала әкімі Мемлекет басшысының «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» ұсынысын іске асыру бойынша тауарөндірушінің өнімін делдалсыз нарыққа шығару үшін кәсіпкерге базарлар мен сауда орталықтарынан сауда нүктелерін ұсынуды айтты. Сонымен қатар, дағдарыстан зардап шеккен кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Ең алдымен қала басшысы Сайрам елді мекеніндегі  мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын «Бәйтерек Агро» АӨК-не барды. Кешеннің жалпы аумағы 300 гектар. Оның 14 гектары қоражай орналасқан. Мұнда қазір 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 200 бас сауынды сиыр бар. Қазірде кәуап, қазы секілді 10-ға жуық ет өнімін тапсырыспен жасайды. Сондай-ақ, тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өндіріп, құрт, сүзбе, айран секілді сүт өнімдерін жасайды. Бұдан өзге күніне 50 бас ірі қара малды союға мүмкіндігі  бар. Қазіргі таңда 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал ауысым кезінде жұмысшылар саны 200-ге дейін көбейеді екен.

Шымкентте ауыл шаруашылық бағытында кәсібін дамытқысы келетін азаматтарға  «Бәйтерек Агро» агроөнеркәсіптік кешеннің жұмыс үлгісін ұсынуды айтқан қала басшысы серіктестіктің жұмысына оң бағасын берді.

Алдағы уақытта «Бәйтерек Агро» АӨК басшылығы сүт өңдейтін зауыт пен ет комбинатын салуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде, Мұрат Дүйсенбекұлы ол мақсатқа жетуге көмегін аямайтынын айтты.

Сапар барысында шаһар басшысы жұмыртқа және бройлер етін өндіру бағытындағы «Шымкент құс» ЖШС-нің құс фермасына барды. Қазіргі таңда 320 адам тұрақты жұмыс жасайтын фермада 600 мыңға жуық бас құс өсірілуде.Фабрикада жұмыртқа жинау және сорттау процесстері автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Заман талабына сай  зоотехникалық, ветеринарлық зертханаларымен қамтылған. Жұмыртқа бағытындағы құс фермасы қуаттылығы жылына 105 млн. дана  жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс етін өндіруге бағытталған.

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.