Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі — Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы ұлық мерекемен барша Шымкент халқын құттықтады.
– Сіздерді күллі мұсылман үшін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Адамзатты рухани тазару мен мейірімділікке, сабырлыққа шақыратын Рамазан айында шымкенттіктер де қайырымдылық шараларына барынша атсалысты. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, көңілдерін демеді.
Әлемді мейірім шуақты етеді. Осындай ізгілікке толы Ораза айты мерекесінде отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін!
Десе де, қаламыздағы карантин жағдайына қарамастан Сovid 19 инфекциясын жұқтырған тұрғындар саны азаймай тұр. Сондықтан, өзіңіз бен жақын туыстарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын ұстанып, биылғы Ораза айт мерекесін үйде өткізулеріңізді сұраймын, деп жазба қалдырды Инстаграм парақшасындағы құттықтауында қала әкімі.