Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Сіздерді Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір мемлекеттің ұлттық құндылықтары болады. Солардың ішінде ең қымбатты әрі қастерлісі — Мемлекеттік рәміздер!

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер» деп рәміздердің ел өміріндегі маңызын сипаттаған болатын.

Мемлекеттiк рәмiздер — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тағылымды тарихының шынайы көрiнiсi. Оның мазмұнды нышандары кешегi өткенiмiздi айшықтап, ертеңгi мақсатымызды айқындап тұр. Рәмiздердегi нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесi қалыптасады.

Тәуелсіздіктің тұмарына айналған Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір адамның азаматтық борышы. Себебі, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады.

Жас ұрпақтың бойына ұлттық нышандарымызға деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіруге баршамыз атсалысуға тиіспіз. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеп өскен жасөспірім ертең Тәуелсіз елдің еңсесі биік азаматтары болып қалыптасады.

Осы орайда өткен жылы «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Менің Туым, менің Отаным!» акциясы басталған болатын. Осы акцияның аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік туды насихаттау, дәріптеу бойынша қаншама игі істер атқарылды. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қадірлі жерлестер!

Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, атамекенімізде дербес Қазақстан мемлекетін құрып, оның дамуына үлес қосу, қазақстандық болу – біздің буынға бұйырған зор бақыт.

Ендеше Туымызды жықпай, Елтаңбамызды тұғырынан тайдырмай ұрпақтан ұрпаққа табыстау – баршамызға ортақ міндет. Көк Туымызды әрдайым биікте желбірету жолында аянбай еңбек ете берейік!

Осынау тағлымды мереке күндері баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат пен отбасларыңыздың амандығын тілеймін!

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.