Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды.

Праймериз – партияішілік таңдау тәсілі — көптеген дамыған елдерде қолданылып отырған тәжірибе. Атап айтсақ, праймериз өткізу тәжірбиесі Еуропа, Азия,  Америка елдерінде бар.  Бүл тәсілді елімізде алғашқы болып «Nur Otan» партиясы енгізуде.

Праймериз туралы Елбасы Саяси кеңес бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын», деген болатын.

Партияішілік іріктеу бір жағынан партияның өз ішіндегі ең мықтыларын таңдауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді көтеріп жүрген, проблемаларды шешуге жаңашыл көзқарасы бар, үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.

Біраз уақыттан бері праймеріз өткізу тәсілі партия ішінде қызу талқыланды,  халықаралық озық тәжірибелер жан-жақты қарастырылды. Бүгін Саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруімен Праймериз өткізу ережесі қабылданды. ⠀

Жер жаһанды жайлаған пандемия жағдайында жаңа технологиялар сайлау процестерінде де орын алмақ. Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр.

Алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Бұл келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге көбірек мән беретін әйел-қыздарды көптеп көретіндігіміздің кепілі.

Елдің басына ауыр күн туған кезде, мысалы Арыс трагедиясы, Мақтаралдағы су тасқыны, пандемияға байланысты қаладағы карантин режімінде көптеген дархан мінезді азаматтар нұротандықтармен бірге бір сапта халыққа көмектесуге атсалысты. Себебі бәрімізде бір мүдде, бір мақсат болды, ол халықтың ауырын жеңілдету, мұқтаждарға көмек беру! Алдағы уақытта да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысамын және елім үшін қызмет етемін деген белсенді азаматтарды праймеризге қатысуға шақырамыз.

Біз бәсекеге қабілетті, жігерлі азаматтарды елдің дамуына септігін тигізетін, қоғамдағы өзекті  әлеуметтік проблемалар бойынша бағдарламаларды ұсынып, партия қатарына қосылуға шақырамыз. Елге бірге қызмет етейік!

Ал праймериз ережесі партия сайтында толық жарияланады.

Бахадыр Нарымбетов

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.