Қаладағы карантин жағдайына байланысты алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының алпыс бесінші сессиясы онлайн режимде өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Халық қалаулылары күн тәртібінде 26 мәселені қарады. Нақтырақ айтар болсақ, сессия барысында қала әкімдігінің 2019 жылғы бюджетінің атқарылған есебі тыңдалып, бюджетке өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына орай Шымкенттегі қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту мақсатында бағаларды саралау мәселесі зерделенді. Енді қала тұрғындары жаңа жүйеге сәйкес қоғамдық көлікте жолақысын электронды төлеген жағдайда 70 теңге, ал қолма қол болса 100 теңге төлейтін болады.

Бұдан бөлек, шаһардағы төрт аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің жағдайы сөз болғанын айта кеткен жөн. Сессия барысында депутаттар тарапынан жол құрлысы, инфрақұрылым, білім, әлеуметтік салаға қатысты бірқатар сауалдар жолданып, ұсыныстар айтылды. Аудан әкімдері мен басқарма басшылары алдағы уақытта халық қалаулылары тарапынан айтылған мәселелердің назарға алынатындығын жеткізді.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.