1998 жылғы 10 маусымда – жас Қазақстан елордасының тұсаукесер күні де жетті. Бұл шет мемлекеттер басшылары, көптеген шетел қонақтары қатысқан Астанадағы алғашқы ірі халықаралық іс-шара болды.
Одан кейінгі жылдары біздің елордамыз көптеген басқа, оның ішінде анағұрлым ауқымды іс-шараларда қонақжай отағасының рөлін оңай атқаратын болды. Бізге әлемнің жетекші державаларының бірінші басшылары келді. 2001 жылы Астанаға Рим Папасы Иоанн Павел II сапарлады. 2003 жылдан бастап, Президентіміздің бастамасы бойынша, Қазақстан елордасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өтіп тұрады. Астана экономикалық форумына жыл сайын ірі компаниялардың жетекші сарапшылары, басшылары, саясаткерлер жиналады. Біз ЕҚЫҰ-ның, ШЫҰ-ның, ИЫҰ-ның саммиттерін, УЕФА-ның конгресін, ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік. Барлығын санап тауыса алмайсың. Алайда осылардың қатарында ең бірінші деп, қанша дегенмен, Астананың халықаралық тұсаукесерін айтуға болады!
Елордасын көшіру міндетін абыроймен атқарған Қазақстан бүкіл жер шарының назарын өзіне аударды. Мемлекет басшысының ішкі есебі қашандағыдай дәл шықты! Астана туралы, Қазақстан туралы барлық әлемдік елордаларда айтыла бастады. Сол кездерде талайлар үшін біздің республика, былайынша айтқанда, картада алғаш рет пайда болып, қазақ халқы ұмытылудың ғасырлық түнегінен шықты.
Кейін аты аңызға айналған америкалық тележүргізуші Ларри Кинг дәл айтқандай: «көптеген лидерлер тарихқа ену үшін қалаларды жаулап алады, ал Президент Назарбаев қаланы салды».
Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ,
1997-2003, 2014-2016 жылдардағы Астана қаласының әкімі