Әлеуметтік желіде Түркістан облысына қарасты ауруханалардың дәрігерлері ғимарат алдына шығып, тізіліп тұрған видеолары мен фотолары пайда болды. Жалпыұлттық аза тұту күні ақ халаттылардың іс-әрекетін сынға алған белгілі заңгер Айгүл Орынбек фейсбуктегі парақшасына мынандай жазба қалдырды.

-Дәрігерлерді сыртқа шығаруға кім бұйрық берді?

Адамдар ауаға зар болып, дәрігерлер жетіспей жатқанда бұлары нес?

Түркістан облысына қарасты аурухана!

Сакен Калкаманов мынау не  масқара?

Өліп жатқан адам сіздерге аз болып отыр ма?

Айгүл Орынбектің бұл жазбасын желі қолданушылары әп-сәтте қолдап әкетті. Бір сағаттың ішінде жазбаның астына 200-ден астам пікір жазылды. Желі белсенділерінің басым бөлігі халық індеттен қырылып жатқанда, осындай миға қонымсыз шараны ұйымдастыруға бұйрық бергендерді кінәласа, енді біреулері бұл дәрігерлерге жасалған «қорлық» деп баға берді.

Әлеуметтік желіде пікірлер қарша борап жатқанда, Айгүл Орынбек жеке парақшасына осы тақырыпқа қатысты екінші жазбасын салды. Бұл жолы танымал блогер аза тұту күнін флешмобқа айналдырып, мазақ қылған әкімдіктегілерді сынға алып, бұлай жасауға бұйрықты кім бергенін ашына жазды.

Аза тұту күнін, әкімдіктегілер флешмобқа айналдырып мазақ қылған күн!

Түркістан облысына қарасты бүкіл аудандағы дәрігерлер, аурухана алдына шығу керек деген бұйрық алғаны рас па?

Аудан әкімдердің парақшасын ашсам, бәрі солай тұр. Яғни рас болып тұр ғой!

Бұйрықты Өмірзақ Шөкеев берген бе оны біле алмай отырмын!

Бірақ облыстан бүкіл ауданға келген бұйрық парақшасы қолыма келіп түсті!

Әкім орынбасары Сакен Калкаманов “меңгеруші дәрігерді жазалаймын”- деп пост жазып оны өшіріп тастады!

Бұйрықты өздері береді, өздері жазалайды!

Мазағыстан

Түркістан облысы әкімінің орынбасары, әлеуметтік желіде белсенділігімен танымал Сакен Калкаманов халықтың ашуын келтірген бұл масқара тірлікке облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігерін кінәлап, жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Алайда, неге екені белгісіз аталған жазбасын көп кешікпей әлеуметтік желіден өшіріп тастады.

Артынша, Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі аза тұту күні ұжымдастарын жол бойына тізіп қойған бас дәрігердің іс-әрекеті жайлы ресми мәлімдеме жасады.

Құрметті қазақстандықтар!

Әлеуметтік желіде Президентіміз жариялаған жалпыұлттық аза тұту күні коронавирус құрбандарын еске алу бойынша біздің әріптестеріміздің көшедегі үнсіздік акциясы кеңінен таралып жатыр. Бұл іс-әрекетті сынға алып жатқан кейбір азаматтарымыз да бар.

Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансері ұжымының атынан ресми түрде мәлімдеймін: аталмыш шара Ұлттық медициналық ассоциациясының төрайымы Садықова Айжан Бегайдарқызының барша медицина қызметкерлеріне тастаған үндеуін қолдау мақсатында, сұм індетпен күресіп көз жұмған барша әріптестеріміздің рухына тағзым ету үшін жасаған біздің ортақ шешіміміз.

Аты жаман аурумен арпалысып ортамыздан кеткен қаншама маманнан, әріптес-достан, қызметтес-жолдастарымыздан айырылдық. Көз алдымыздан кетсе де, жүрегімізде қалды. Сондықтан да, Аза тұту күні олардың рухына тағзым етіп, еске алуды өзіміздің әріптестік парызымыз деп білеміз. Олардың әрбірі осындай құрметке лайық деп санаймыз. 

Өз кезегімде, бұл шараны ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік орындарының да ешқандай қатысы жоқ екендігін жеткіземін. 

БОЛАТ САҒЫМБЕКОВ
Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері    

Бас дәрігер Болат Сағымбековтың сөзінше, ұйымдастырылған шараға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік орындарының да ешқандай қатысы жоқ екен. Демек Түркістан облысында басшылар билікпей санаспай, өз білгенін жасауға көшкен бе?  Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па, елдің сиқын»-деген даналығы осындайда айтылса керек.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.