1993  жылы  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қолдауымен  15 мамыр –Халықаралық   Отбасы   күні болып бекітілген. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Қазақ  үшін шаңырақ сөзі қай кезде де киелі. Отбасы – адамның бойына барлық жақсы қасиеттерді дарытатын қара шаңырақ. Ұл мен қызға отбасында беретін тәлім-тәрбиені ешбір қоғамдық ұйым бере алмайды. Мағынасы терең отбасы, шаңырақ, әулет деген сөздерді ата-әжелеріміз біздің санамызға сіңіріп келген. Шын мәнінде отбасында береке-тыныштық болмаса адамдардың қоғамға қызмет етіп, пайда келтіруі де қиын екендігі белгілі.

Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алатынын ескеріп, 2018 жылы Жоғарғы Соттың бастамасымен республикамыздың 4 облысында «Отбасылық сот» Пилоттық жобасы қолға алынған болатын. Жобаның міндеті – отбасылық жанжалдардың себептерін анықтау, сот процесінің барлық сатысында тараптарға қатысты татуласудың бар мүмкіндіктерін қолдану, соның ішінде отбасы құқықтары мен мүдделерін бірінші кезекте кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталды. Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахымбековтың 2018 жылғы 4 желтоқсандағы Өкімімен Еңбекші аудандық сотының негізінде «Отбасылық сот» Пилоттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Былтыр қалалық және Еңбекші аудандық соттарының ұйымдастыруымен «Бақытыңды балаңнан ізде!» атты интерактивті кездесу өтті. Одан кейін де Шымкент қаласының Білім, Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары, Прокуратура, Полиция департаментінің өкілдері мен медиаторлар, психологтар және т.б. қатысуымен бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы атқарылған жұмыстың нәтижесінде, Шымкенттегі кейбір шаңырақтар шайқалмай, ажырасу азайды. Оған дәлел ретінде «Заңды некені бұзу» санатында қаралған азаматтық істерге қатысты дерекке тоқталып кетейін. Мысалы, 2019 жылдың 4 айында ажырасуға 1267 талап арыз түскен, биылғы 4 айда олардың саны — 890, яғни 176-ға аз. Былтыр 4 айда ажырасқандар саны — 719 болса, биыл – 638. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 81-ге аз, демек, 81 отбасы сақталды деген сөз! Өткен жылы 4 айда медиация тәртібімен татуласқаны 67 еді, ал биыл олардың саны 100-ге жетіп отыр. Осылайша, екі жарым жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Отбасылық сот» жобасы өзінің тиімділігін көрсетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Өтінеміз, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!
Мұнда өз атыңызды жазасыз.