Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы «Жанға жылу» қайырымдылық акциясын жалғастыруда. Аталған орталық еріктілері қайырымдылық барысында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін үлестірді. Ұйымдастырушылар тарапынан басты қажеттіліктер ескеріліп, тұрмыста көп тұтынатын ұн, қант, ақ май, макарон, қарақұмық, шай және көкөніс өнімдері мен тәттілер таратылған. Айта кетейік, жыл басынан бастау алған «Жанға жылу» қайырымдылық акциясы аясында 600-ден астам отбасыға көмек көрсетілген. Жастар ресурстық орталығы мұқтаж отбасыларға қол ұшын беру – ұлттық болмысымызға тән, жарасымды үрдіс деп есептейді. Халқымыз ежелден игі істерге, берекелі бастамаларға ұйытқы болып келеді. Қоғамның әлжуаз топ өкілдері мен көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық болу – қанымызда бар қасиет. Қайырымдылық – қасиет төресі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ізгі шара адамдар арасындағы мейірімділікті арттырып, мұсылманшылығымызды нығайтуға зор септігін тигізеді. Әрі осы арқылы салауатты қоғам қалыптастырып, халықтың ауызбіршілігін арттыруға жол ашады. Осылайша жанға жылу сыйлаған- жастар көпке үлгі болды.