Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мейрам биыл 5 шілдеге келіп отыр.
Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін жанымыз қалайды.
Ең дұрысы, науқаншылықтан ада, әсіреқызыл тез оңарлық тірлік емес, өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен дейміз.
Ұлы ұлтымыз ұлықтаған ұлы мерекеміз құтты болсын. Қасиетті қара домбырамыз ұрпағымыздың қадірлісіне айналсын. Мереке құтты болсын!